Ұстаздар күні — бұл дәстүрлі әрі бүкілхалықтық мереке десек артық айтқандық болмас. Ұлы ғұламалардың да ұстазы болған, сондықтан болар осы абыройлы міндетті атқарып жүргендерді халқымыз әрқашан ерекше құрмет тұтқан. Ұстаздың әр адамның жүрегінен алатын орны айрықша, қолына қалам ұстатып, алғаш әліппені үйреткен мұғалімін жылылықпен еске алмайтындар кемде кем болар.
"Ұстаз" сөзінің өзі "Отан", "Ар", "Адамгершілік" сияқты қасиетті ұғымдардың қатарынан орын тебуінің өзінде үлкен мән жатыр.
Қазақстанның алдында бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну міндеті тұр. Бұл өз кезегінде ұстаздардың мойнына екі есе жауапкершілік жүктейді. Себебі, ертеңгі күннің қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерін шеше білетін білімді де білікті ұрпақты тәрбиелеу сіздердің қолдарыңызда, құрметті ұстаздар! Білім берудің күрделі міндеттерін рухани бай, педагогикалық дарыны бар, шығармашылық, кәсіби тәсілдерді жетік меңгерген және жаңалыққа құштар жан-жақты тұлға ғана шеше алады. Сіздердің осы бағыттағы еңбектеріңіз жана берсін! "Ұстаз бақыты — озып туған шәкірті" десе, аттарыңызды Ай-әлемге паш ететін талантты да білімді шәкірттеріңіз көбейе берсін!